жаңалықтар

Креативті индустрияны қолдау туралы қағидалар қабылданды

2026-02-26 17:33
Қазақстанда креативті индустрия субъектілеріне мемлекеттік қолдау және ынталандыру қағидалары бекітілді. Жаңа құжат саланы дамытудың жүйелі әрі ашық тәсілін қалыптастырады және креативті жобалардың бүкіл өмірлік циклін идея мен пилоттық шешімдерден бастап халықаралық нарыққа шығу мен коммерцияландыруға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Қағидаларда қаржыны қайтарымдылық негізінде ұсыну тетігіне ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қолдау жобалардың тұрақтылығы мен экономикалық өміршеңдігіне бағытталған. Гранттық қаржыландырудың үлесі барынша азайтылып, жеке инвестицияларды белсенді тарту көзделген.

Бұл тәсіл креативті бастамаларды нарықтық қағидаттар негізінде дамытуға және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қағидалар аясында мынадай қаржылық тетіктер қарастырылған:

  • креативті және пилоттық жобаларды қаржыландыру және бірлесіп қаржыландыру;
  • жеке инвесторлармен бірлескен бастамаларды іске асыру;
  • креативті өнім экспортын қолдау;
  • зияткерлік меншік объектілерін тіркеу және құқықтық қорғау шығындарын өтеу;
  • халықаралық шығармашылық конкурстар мен іс-шараларға қатысуды қолдау;
  • халықаралық деңгейдегі жетістіктері үшін сыйақы беру.

Аталған құралдар жобалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қазақстандық креативті өнімдерді жаһандық нарыққа ілгерілетуге бағытталған.

Құжатта қаржылық емес қолдау шараларының кең ауқымы да көзделген. Олардың қатарында:

  • консультациялық, акселерациялық және білім беру қолдауы;
  • халықаралық мәдени және креативті платформаларға қатысуға жәрдемдесу;
  • үй-жайлар мен жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну;
  • цифрлық сервистер мен онлайн-платформаларды дамыту;
  • жобаларды маркетингтік және құқықтық сүйемелдеу;
  • креативті индустрияны дамытудың өңірлік стратегияларын әзірлеу;
  • инклюзияны қамтамасыз ету шаралары;
  • саланың жекелеген бағыттары бойынша арнайы бағдарламалар.

Бұл шаралар креативті кәсіпкерліктің экожүйесін нығайтуға және өңірлік деңгейде теңгерімді дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қағидалардың қабылдануы креативті индустрияны қосылған құн қалыптастыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және елдің экспорттық әлеуетін күшейтетін экономиканың толыққанды секторына айналдыру үшін институционалдық негіз қалыптастырады.

Осылайша, креативті индустрия Қазақстан экономикасының әртараптандырылуына және инновациялық дамуына серпін беретін стратегиялық бағыт ретінде айқындалып отыр.